Сурет: Туризм және спорт министрлігі
Қазақстандық каратэші Асель Қанай Жапонияның Айчи–Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
61 келіге дейінгі салмақтағы кумитэ сайысының финалында Қанай Қытай спортшысы Гун Лиге есе жіберді. Қытайлық каратэші – Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионы және Ханчжоу Азия ойындарының жеңімпазы.
Қазақстан спортшысы финалға дейін екі кездесуде жеңіске жетті. Ширек финалда Моңғолия өкілі Маралжинго Пуревжавты 9:1 есебімен ұтса, жартылай финалда Камбоджа спортшысы Чакрия Ванннан 3:0 есебімен басым түсті.
Бұл – Асель Қанайдың Азия ойындарындағы екінші жүлдесі. Бұған дейін Ханчжоуда өткен құрлықтық додада ол қола медаль иеленген еді. Осылайша, біздің спортшы өз нәтижесін жақсартып, бұл жолы күміс жүлдеге қол жеткізді. Қанайдың қоржынында әлем чемпионатының қола медалі мен Азия чемпионы атағы да бар.
Қазақстан құрамасы үшін бұл Азия ойындарындағы каратэден кезекті жүлде. Бұған дейін Жоламан Бигабыл мен Софья Берульцева алтын медаль жеңіп алған болатын.
Айта кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі Санжар Әділов Жапонияның Айти–Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында қола жүлдеге ие болған еді.
