Сурет: Адам құқықтары жөніндегі уәкіл
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Парламент Мәжілісінде сталкинг пен қыз алып қашуға қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде пікір білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, өткен жылдың күзінде қыз алып қашу әрекеті үшін қылмыстық жауаптылық көздейтін заң күшіне енген. Бұл мәселені 2023 жылдан бері көтеріп келеді, сондай-ақ сараптамалық және түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілген.
«Адам ұрлаудың кез келген түрі заң талаптарын өрескел бұзу болып саналады. Бұл құқыққа қайшы әрекет мәдениетке, ұлттық дәстүрлерге, отбасылық немесе өзге де өмірлік мән-жайларға сілтеме жасау арқылы ақтауға жатпайды», – деді Артур Ластаев.
Уәкіл адам ұрлау Қылмыстық кодекстің 125-бабы бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғатынын еске салды. Ол бұл қылмыстың қазақ халқының дәстүрлеріне де, әдет-ғұрып құқығына да қатысы жоқ екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол неке ұғымы Конституцияда «ерікті және тең құқықты одақ» ретінде бекітілгенін, ал егер екі кәмелетке толған азамат отбасы құруды шешсе, заң оларға қатынастарын уәкілетті органда тіркеу арқылы заңды жолды ұсынатынын айтты.
Артур Ластаев ел азаматтарын Конституция мен заңдардың талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

