Спорт

Арлан Жанабай Азия ойындарында қола жүлде алды

Сурет: ТСМ

Триатлоншы Арлан Жанабай Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында қола жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан додада Қазақстан қоржынына тұңғыш қола медаль салынды.

Жарыс қорытындысы бойынша: бірінші орынды жапониялық Такауми Ходжо (52:56), екінші орынды қытайлық Чжан Сюжуй (53:05), үшінші орынды қазақстандық Арлан Жанабай (53:11) иеленді.

Аталған медаль спортшы үшін халықаралық деңгейдегі маңызды жетістіктердің қатарына қосылды. 2026 жылы ол Қытайдың Тайчжоу қаласында өткен Азия кубогы кезеңінде қола, ал Түркістандағы кезеңде күміс жүлде жеңіп алған болатын.

Бұл жүлде отандық триатлон үшін айрықша мәнге ие. Азия ойындары тарихында бұған дейін еліміздің спортшылары осы спорт түрінен тек бір қола медальға қол жеткізген. Осылайша, Арлан Жанабайдың нәтижесі Қазақстанның Азия ойындарындағы триатлоннан алған екінші жүлдесі аталып, ұлттық құраманың жүйелі дамуын көрсетті.

Бұл табыс ұлттық құраманың жүйелі дайындығы мен елімізде триатлонды дамыту бағытындағы жоспарлы жұмыстың нәтижесі. Соңғы жылдары бейінді федерациямен бірлесіп спортшыларды даярлау жүйесі жетілдіріліп, халықаралық жарыс тәжірибесі кеңейтілуде. Азия чемпионаттары мен өзге де ірі халықаралық додаларға қатысуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мұндай жарыстарда жинақталған тәжірибе жаттығу үдерісін жетілдіру және негізгі кешенді жарыстарға дайындық барысында ескеріледі.

Қазіргі таңда триатлон Қазақстанның 13 өңірінде дамытылып келеді. Спорт түрінің географиясын кеңейту, федерация мен жаттықтырушылар құрамының жүйелі жұмысы, сондай-ақ спорт резервін кезең-кезеңімен даярлау ұлттық құраманың алдағы нәтижелерін арттыруға негіз қалыптастырады. Арлан Жанабайдың Азия ойындарындағы қола жүлдесі осы жүйелі жұмыстың тағы бір нәтижесі болды.

Айта кетейік, Аичи-Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады.

Көп оқылғандар