Сурет: Egemen Qazaqstan
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, белгілі ақын әрі журналист Ахметжан Срапилов 64 жасқа қараған шағында қайтыс болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ол 1963 жылы 29 наурызда Алматы облысы Ұйғыр ауданының Кіші Ақсу ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Илия Бахтия атындағы Шонжы ұйғыр орта мектебін, 1988 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің филология факультетін бітірген.
Еңбек жолын Ұйғыр ауданындағы А.Розибакиев атындағы совхозда бастап, кейін «Коммунизм туғи» (қазіргі «Уйғур авази») газетінде корректор, «Жазушы» баспасынан шығатын ұйғыр тіліндегі «Пәрваз» альманахында редактор, «Или вадиси — Ілі шұғыласы» газетінде әдебиет бөлімінің бастығы, жауапты хатшы, «Коммунизм туғи» газетінің Ұйғыр және Панфилов аудандары бойынша меншікті тілшісі болды. 2002-2018 жылдары сол газеттің әдебиет бөлімінің бастығы қызметін атқарды. 2019-2023 жылдар аралығында «Ижаткар» («Қаламгер») әдеби журналының бас директоры, ал 2023 жылдан өмірінің соңына дейін «Уйғур авази» газетінде әдебиет бөліміне жетекшілік етті.
Ахметжан Срапиловтың шығармашылығы өткен ғасырдың 80-ші жылдары басталып, «Қиранлар қияда яшайду», «Пуған», «Сарғайған хәтләр» кітаптары жарық көрген. Шығармалары қазақ, орыс, беларусь тілдеріне аударылған. Ол аудармашы ретінде де танылған. Жазушының шығармалары мектеп оқулықтарына енгізілген.
Өзіне ғана тән ерекшелігімен оқырманның жүрегіне жол тапқан, күндіз-түні аянбай еңбек етіп, өз тағдырын әдебиет пен журналистикаға арнаған Ахметжан Срапиловтың жарқын бейнесі есімізде мәңгі сақталады, — делінген хабарламада.
Мазмұнға өту
