Шартарап

Ақын Нұртас Исабаев 72 жасында дүниеден өтті

Сурет: Қазақстан Жазушылар Одағы

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, ақын әрі аудармашы Нұртас Исабаев 72 жасқа қараған шағында қайтыс болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Нұртас Ибрагимұлы Исабаев 1954 жылы 13 қарашада Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында туған. Ол Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығы мен Ораз Жандосов қоры сыйлығының лауреаты атанған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталған.

Ақын Қазақстан Республикасы Президентінің Мемлекеттік стипендиясы мен «Құрмет» орденінің иегері болған. Мектеп бітірген соң еңбек жолын аудандық газетте корректорлықтан бастап, 1982 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтын тәмамдаған.

Нұртас Исабаевтың тұңғыш жыр жинағы «Бастау» 1980 жылы жарық көрген. Кейін «Өмірді сүю» (1987), «Ұлылықпен сырласу» (1990), «Қимаймын сені» (1998), «Өмірге құштарлық» сынды поэзиялық кітаптары оқырманға жол тартты. Оның бірқатар өлеңдері орыс тіліндегі «Разбег» ұжымдық жинағына енген. Сонымен қатар орыс ақыны Александр Твардовскийдің шығармаларын қазақ тіліне аударып, ұлттық аударма саласына үлес қосқан.

Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы марқұмның жақындары мен туыстарына, барша оқырман қауымға қайғырып көңіл айтады, — делінген ақпаратта.

Көп оқылғандар