Сурет: Ақшұқыр ауылы тұрғындарының фотосы
Ақтау маңындағы Ақшұқыр ауылында көше ортасына қоқыс тастап кеткен тұрғын анықталып, жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Lada.kz-тің мәліметінше, ауыл тұрғындары көшелердің бірінде пайда болған үлкен қоқыс үйіндісін видеоға түсірген. Шағымнан кейін жергілікті билік өкілдері полицейлермен бірге оқиға орнына барған.
Қоқыс үйіндісін тексеру барысында қызметкерлер қалдықтардың арасынан тауып алған дүкен түбіртегі арқылы қоқысты кім тастағанын анықтаған.
Әйел ауыл тұрғындарынан кешірім сұрап, мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынына уәде берген. Әкімшілік хаттама толтырылып, оған 20 АЕК, яғни 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Еске салайық, елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Таза жағалау» экологиялық акциясы өтіп, 1,5 тонна қоқыс шығарылды. Айта кетейік, елордада «Таза Қазақстан – Таза Астана» байқауының үздіктері марапатталды.
