Categories Спорт

Анна Данилина: Уимблдондағы матчтар оңай болмайды

Сурет: ҚТФ

Қазақстандық теннисші Анна Данилина Уимблдон турниріне дайындығы, жұптық серіктесі Александра Круничпен үйлесімі және алғашқы айналымдағы қарсыластары туралы айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

WTA рейтингінің жұптық сындағы алтыншы ракеткасы Уимблдонға көтеріңкі көңіл күймен келгенін жеткізді. «Маған осында болған әрдайым ұнайды. Әр келген сайын жақсы әсермен, көтеріңкі көңіл күймен келемін. Сондықтан тек алға ұмтыламын», — деді ол.

Теннисші маусымның ең мықты жұптарының бірі саналатынына аса мән бермейтінін айтты. Биыл ол сербиялық Александра Круничпен Дохадағы WTA 1000 турнирінде чемпион атанып, Аустралияның ашық чемпионаты, Индиан-Уэллс және «Ролан Гаррос» финалдарына шықты.

«Үлкен дулыға» турнирінің деңгейі өзгеше, мұнда әрбір теннисшінің жеңіске мүмкіндігі бар. «Әр турнирді жаңа бастама ретінде қабылдаймын. Мақсатым — жеңіске жету. Әр матчқа жеке көңіл бөліп, кезең-кезеңімен алға жылжуға тырысамын. «Үлкен дулыға» турниріне әлемнің ең үздік ойыншылары жиналады, сондықтан мұнда оңай матч болмайды», — деді Данилина.

Оның айтуынша, жұбының тұрақты нәтиже көрсетуіне өзара түсіністік ықпал еткен. «Біз Александра Круничпен бірге бір жылдан астам уақыт ойнап келеміз. Былтыр «Ролан Гарроста» жұп құрдық. Осы уақыт ішінде бір-бірімізге әбден үйрендік, әрқайсымыздың мықты және әлсіз тұсымызды жақсы білеміз. Әркімнің өз ойын мәнері бар, ал корттағы өзара түсіністік жақсы нәтижеге жетуге көмектеседі», — деді қазақстандық спортшы.

Данилина Уимблдонның шөп төсенішіндегі корттары туралы да пікір білдірді. «Алдыңғы жылдары мұндағы нәтижелерім аса сәтті болған жоқ. Бірақ шөптің үстінде ойнаған ұнайды. Әлі де осы жабынға бейімделіп, ойынымды жетілдіріп жүрмін. Біраз өзгеріс енгізуге тура келеді, енді агрессивті ойнауға тырысамын. Жалпы маған ұнайды, жұмысымды жалғастырып жатырмын», — деді ол.

Теннисші алғашқы айналымда қазақстандық Юлия Путинцева мен канадалық Лейла Фернандеске қарсы өтетін матч туралы айтты. «Ешқандай ерекше дайындық болмайды. Әрине, Юлияны өте жақсы білемін, ол да мені жақсы таниды. Бірақ бұл жекелей емес, жұптық матч. Оның да, менің де серіктесім бар. Сондықтан бұл — мүлде басқа ойын. Басқа кездесулерге қалай дайындалсам, бұл матчқа да солай әзірленемін. Жақсы ойын болады деп ойлаймын және өзімнің ең үздік ойынымды көрсетуге тырысамын», — деп түйіндеді Анна Данилина.

Уимблдонның жұптық сындағы матчтары 2 шілдеде басталады. Кездесулердің нақты кестесін ұйымдастырушылар кейінірек жариялайды.

Ұқсас жазбалар

Асу Алмабаев Бакудегі UFC турнирінде америкалық қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев Әзербайжан астанасында өткен UFC Fight Night 280 турнирінде сәтті…

Алматы хоккей мектебінің түлегі ҰХЛ драфтында таңдалды

Баффалода ҰХЛ драфтының екінші күні басталды. «Нью-Йорк Рейнджерс» алматылық хоккей мектебінің түлегі Данай Шайықовты 67-нөмірмен…

Елена Рыбакина Уимблдон алдында әлемдік рейтингте көш бастау мүмкіндігі туралы пікір білдірді

Елена Рыбакина Уимблдон алдында әлемдік рейтингте көш бастау мүмкіндігі туралы пікір білдірді. Ол бұл туралы…