Спорт

Англия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

Сурет: FIFA

Англия құрамасы футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қос құрама негізінен жастарға сенім артты. Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам бірқатар футболшыға демалыс беріп, оларды қосалқы құрамда қалдырды. Олардың қатарында Усман Дембеле, Вильям Салиба, Жюль Кунде, Люка Динь бар. Алайда әлем біріншілігінде 8 гол соғып, сұрмергендер көшін бастап келе жатқан Килиан Мбаппе негізгі құрамда ойнады.

Англия құрамасының бас бапкері Томас Тухель бұл жолы қақпашы Джордан Пикфордтың орнына Дин Хендерсонды шығарды. Сонымен қатар Джуд Беллингем, Гарри Кейн, Энтони Гордон секілді көшбасшы ойыншылар қосалқы құрамда қалды.

Англиялық футболшылар ойынның алғашқы минуттарынан шабуылдады. Деклан Райс 3-минутта есеп ашты, кейін Эзри Конса есепті үстемеледі. 37 және 46-минуттарда Букайо Сака қос гол соқты.

Екінші кезеңде Франция құрамасы бірден төрт ойыншыны алмастырды: Люка Динь, Деотшанкюль Юпамекано, Усман Дембеле, Брэдли Баркола. Нәтижесінде он минут ішінде олар екі гол соқты. 48-минутта Килиан Мбаппе әлем чемпионатындағы тоғызыншы голын соқса, 54-минутта Брэдли Баркола да гол соқты.

Килиан Мбаппе 66-минутта тағы бір гол соқты, ал 87-минутта Букайо Сака хет-трик жасады. 96-минутта Усман Дембеле гол соғып, Джуд Беллингем 97-минутта қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша Англия құрамасы Францияны 6:4 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 20 шілдеге қараған түні сағат 00:00-де финалда Испания мен Аргентина кездеседі.

Көп оқылғандар