Қаржы

«Amanat Drive» қаржы пирамидасының басшылары сотталды

Сурет: gde-stolovaya.ru

Қонаев қаласының соты «Amanat Drive» қаржы пирамидасының басшыларына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

К.К. Шүкен кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды, ал М.С. Үрәтбек 1 жылға сотталды.

Сотқа дейінгі тергеу барысында Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті пирамидаға 8 мыңнан астам салымшы тартылғанын, ал салынған қаражаттың жалпы көлемі 21 млрд теңгеден асқанын анықтады.

«Пирамиданы ұйымдастырушылар азаматтарға жылжымайтын мүлік пен автокөліктерді тиімді шарттармен, пайыз төлемей және кейін бөліп төлеу мүмкіндігімен сатып алуды ұсынған. Олар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру мақсатында бақылауындағы «Алло, не керек» ЖШС, «I M@RKETING» ЖШС, «Gold SapaPremium» ЖШС пайдалана отырып, көпдеңгейлі схемамен жұмыс істеген», делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.

Аталған компаниялар жарнама қызметі, жылжымайтын мүлік және көлік нарығындағы талдау мен болжау сияқты қызметтердің жалған жеткізушілері ретінде әрекет еткен. Жалған шарттар негізінде 1,8 млрд теңгеден астам қаражат шығарылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Қаражат есебінен сотталғандар 2 пәтер мен Lexus маркалы 3 автокөлік сатып алып, оларды сенімді адамдардың атына рәсімдеген.

Сот аталған мүлікті мемлекет кірісіне тәркіледі. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Көп оқылғандар