Спорт

«Алтын доп» рейтингінде Месси екінші орынға көтерілді

Сурет: Getty Images

Әлем чемпионатының жартылай финалдары аяқталған соң аргентиналық футбол жұлдызы Лионель Месси «Алтын доп» сыйлығының басты үміткерлері қатарына қайта оралды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Goal.com порталының жаңартылған рейтингінде 39 жастағы Месси екінші орынға көтерілді. Бір апта бұрын ол бесінші орында болса, әлем чемпионаты басталғанға дейін алғашқы ондыққа да кірмеген еді.

Сарапшылар рейтингтің өзгеруін әлем чемпионатының нәтижелерімен байланыстырады. Аргентина құрамасы жартылай финалда Мессидің дәл пастары арқылы гол санын еселеп, Англиядан басым түсті. Испания құрамасы турнир фавориттерінің бірі Францияны жеңіп, финалға жетті.

Қазіргі рейтингтің көшін Англия құрамасының шабуылшысы Харри Кейн бастап тұр. Ол клубтық деңгейде нәтижелі маусым өткізгенімен, ұлттық құрамасын әлем чемпионатының финалына шығара алмады.

Үздік ондықтағы футболшылардың арасында «Алтын доп» жүлдесін бұған дейін тек Лионель Месси мен Усман Дембеле ғана иеленген. Дембеле өткен маусымда УЕФА Чемпиондар лигасы, Франция чемпионаты мен кубогын жеңіп, требл арқылы трофейге жетті. Ал Месси бұл марапатты ең көп жеңіп алған ойыншы ретінде көш бастап тұр — ол 8 мәрте жеңген.

Биылғы марапаттау рәсімі 26 қазанда Лондонда өтеді. Салтанатты кеш «Алтын доп» сыйлығының 70 жылдығына орай ұйымдастырылады.

Еске сала кетейік, 19 шілдеден 20-на қараған түні төртжылдықтың басты чемпиондары анықталады. Әлем чемпионатының финалында Испания мен Аргентина кездеседі. Ойын Қазақстан уақытымен сағат 00:00-де басталады. Матчты «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Көп оқылғандар