Жақында Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясының камералық залында қазақ поэзиясы мен ән өнерінің көрнекті өкілі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақсұңқар Ақынбабақызының шығармашылығына арналған әсерлі ән-жыр кеші өтті.
«Алтай менен Ақжайықтың арасы» атты рухани кешке жыр сүйер қауым көптеп жиналып, ақынның поэзиядағы һәм ән әлеміндегі өзіндік болмысымен қайта қауышты. Кештің атауының өзі қос өңірдің арасын жалғаған сағыныш пен рухани үндестікті аңғартқандай еді.
Әдеби-сазды кеш ақынның өмір жолы мен шығармашылық белестерін танытатын арнайы бейнебаянмен ашылды. Экраннан өрілген сырлы сәттер көрерменді ақын әлеміне жетелесе, сахна төрінде оқылған нәзік лирика мен терең толғамға толы өлеңдер көпшілік көңілін тербетті. Сонымен қатар Ақсұңқар Ақынбабақызының өз сөзіне жазылған әндері орындалып, кештің шырайын аша түсті.
Кеш барысында филармония өнерпаздары Кенесары Болғанбаев пен Тұрлыхан Абуханов, сондай-ақ Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж студенттері өнер көрсетіп, рухани кештің мазмұнын байыта түсті. Әсіресе жастардың ақын шығармашылығына деген ықыласы ұлттық өнерге деген құрметтің айқын көрінісіндей әсер қалдырды.
Ақсұңқар Ақынбабақызы – тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясына өзіндік өрнек, өзгеше үн әкелген сыршыл ақындардың бірі. Оның жырларынан туған жерге деген сағыныш, ұлттық рух, адам жанының нәзік иірімдері анық сезіледі. Алтайдың асқақ табиғатынан нәр алған ақын шығармалары оқырманын терең сезімге бөлеп, ой әлеміне жетелейді. Сонымен бірге ол Алтай қазақтарының дәстүрлі ән өнерін дәріптеп, ұлттық мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосып келеді.
Ақынның «Мен – Алтайдан ұшқан Ақсұңқар», «Жанартау» атты жыр жинақтары әдеби ортада жоғары бағаланып, оқырман жүрегінен орын алды. Шығармашылық еңбегі үшін ол «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, сондай-ақ аударма саласындағы «Алтын көпір» халықаралық байқауының лауреаты атанды.
Ақсұңқар ақын 2002 жылы Алматы қаласында алғашқы жеке жыр кешін өткізіп, қазақ поэзиясындағы сыршыл лириканың көркем үні ретінде танылған еді. Ұзақ шығармашылық үзілістен кейін 2024 жылдан бастап «Алтай – Алатау арасы» атты авторлық ән-жыр кешімен сахнаға қайта оралып, еліміздің бірнеше қаласында өнер кештерін өткізуде. Алматы, Қонаев, Талдықорған, Тараз, Шымкент қалаларынан кейін бұл жолы Ақжайық жұртшылығымен жүздесуі – рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі болды.
Кеш соңында облыстық академиялық филармонияның басшысы, танымал айтыскер ақын Бауыржан Халиолла Ақсұңқар Ақынбабақызына алғыс білдіріп, құрмет көрсетті. Өнер иесіне алғысхат пен гүл шоқтары табысталып, иығына камзол жабылды.
Алтайдың асқақ жырын арқалаған ақынның үні осылайша Ақжайық төрінде қалықтап, көрермен көңілінде ұзақ сақталар рухани кешке айналды.




