Әлем

Алматыда БҰҰ Университетінің институты ашылады

Сурет: gov.kz

Астанада өткен III Халықаралық стратегиялық серіктестер форумында Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ Университеті арасында Алматыда Өңірлік интеграцияны салыстырмалы зерттеу институтының (UNU-CRIS) қызметін қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Келісім бойынша институттың штаб-пәтері Алматыда орналасады. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсанда Жапонияға сапарының қорытындысы бойынша берген тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда.

Институттың Алматыда болуы БҰҰ жүйесінің Қазақстандағы институционалдық қатысуын нығайтып, халықаралық ғылыми және академиялық байланыстарды кеңейтеді, отандық жоғары оқу орындарының зерттеу әлеуетін арттырады және қазақстандық ғылыми қауымдастықтың жаһандық академиялық кеңістікке ықпалдасуына ықпал етеді.

Сонымен қатар бұл қадам Алматының Орталық Азиядағы халықаралық академиялық және сараптамалық орталық ретіндегі орнын нығайтуға, жетекші шетелдік университеттермен, халықаралық ұйымдармен және ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Келісім Қазақстанның көпжақты ынтымақтастық қағидаттарына бейілділігін және БҰҰ-мен серіктестікті нығайтуға, ғылым мен жоғары білімді дамытуға, еліміздің халықаралық беделін арттыруға бағытталған жүйелі саясатын көрсетеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ұйымдар және жетекші шетелдік университеттер басшыларымен өткен дөңгелек үстелде Қазақстан әлемнің жетекші университеттерімен әріптестікке дайын екендігін жеткізді.

Көп оқылғандар