Басты тақырып

Алматы ЖЭО-3 құрылысы кестеден қалып қойды: Министр қатаң тапсырма берді

Сурет: Egemen Qazaqstan

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 құрылыс алаңдарын аралап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша станцияларды газға көшіру жобаларының барысын тексерді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

ЖЭО-2-де құрылыстың жалпы дайындығы 92%-ды құрады. Технологиялық жабдықтарды жеткізу толықтай аяқталған. Құрылыс алаңында 1,5 мың маман мен 140-тан астам арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Министр құрылыс қарқынын сақтауды және қосымша монтажшылар мен дәнекерлеушілерді тартуды тапсырды. Сондай-ақ іске қосу-баптау жұмыстарына қажетті құжаттарды келісуді жеделдету міндеттелді.

ЖЭО-3-те тексеру кезінде жоба кестесінен едәуір артта қалу анықталды. Нысанның дайындығы шамамен 26%-ды құрайды. Негізгі жабдықтарды жеткізу мерзімі кешігіп жатыр. Жоспар бойынша 1 600 адам қажет болса, нақты жұмыс істеп жатқандар саны 600-ден аспайды. Бұл тарату құрылғысы мен басқару жүйелеріндегі құрылыс-монтаж жұмыстарының мерзіміне кері әсер етуде.

Министр тапсырыс беруші мен бас мердігерге құрылыс қарқынын күшейтуді, персонал мен арнайы техника санын жобалық талаптарға жеткізуді тапсырды.

«Бекітілген мерзімдер өзгермейді, ешқандай кейінге қалдыру мәселесі қарастырылмайды. Кадр тапшылығын дереу жойып, құрылыс алаңындағы арнайы техниканың көлемін бірнеше есе арттыруды талап етемін», деді Ерлан Ақкенженов.

Сонымен қатар жабдықтарды жеткізуді жеделдету, жұмыс кестесін жаңарту және жоба мерзімдерін сақтау тапсырылды. Министр алдағы апталарда ресурстар толық жұмылдырылмаса, тапсырыс берушілер мен мердігерлерге қатаң шаралар қолданылатынын ескертті.

Көп оқылғандар