Қоғам

Алматы-Ташкент пойызында әйелдер вагоны іске қосылады

Сурет: ҚТЖ

1 қазаннан бастап №1/2 «Алматы – Ташкент» халықаралық пойызында алғаш рет әйелдер вагоны жұмыс істей бастайды. Бұл пойыз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тұрақты теміржол қатынасын қамтамасыз етіп, екі елдің ірі қалаларын байланыстырады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Ахметжановтың айтуынша, бұл бағытқа сұраныс артып, жолаушылар ағыны өскендіктен, осы бағытта әйелдер вагонын іске қосу туралы шешім қабылданды. Ол бұл қызметтің ішкі бағыттарда жоғары сұранысқа ие екенін және оны 946 мыңнан астам жолаушы пайдаланғанын атап өтті.

Пойыз күн сайын қатынайды: Алматыдан 19:05-те жөнеліп, Ташкентке 12:53-те (жергілікті уақытпен) келеді. Кері бағытта Ташкенттен 14:41-де шығып, Алматыға 08:51-де жетеді. Жаңа вагонның қосылуымен әйелдер вагоны қызметі көрсетілетін бағыттар саны 14-ке жетті.

Әйелдер вагонында ересек әйелдермен бірге жеті жасқа дейінгі ұл балаларды алып жүруге рұқсат етіледі. Билеттер тек әйелдерге сатылады, ал жолаушыларға тек әйел жолсеріктер қызмет көрсетеді. Билеттерді теміржол кассаларынан немесе bilet.railways.kz сайтында онлайн сатып алуға болады. Билетте «ЖН» белгісі әйелдер вагонына тиесілігін көрсетеді.

Билеттер пойыз жөнелтілетін күнге дейін 45 тәулік бұрын сатылымға шығады, бұл жолаушыларға сапарын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Көп оқылғандар