Сурет: Egemen Qazaqstan
Алматы хайуанаттар бағында бірнеше жануар төлдеді. Жыл басында Амур жолбарысының таутандарына алматылықтар ат қойған еді, кейін үш кенгурудың төлі дүниеге келді. Енді аққол гиббондар мен сақиналы құйрықты лемурлар балалады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кенгуру көпке дейін балалағанын білдірмейді. Тіпті тәжірибелі мамандар да төлді қалтадан басын шығарғанда ғана байқайды.
Сақиналы құйрықты лемурлардың екі жұбы да егізден төлдеген. Алғашқы егіздер 6 наурызда, екіншілері 17 наурызда туған. Қазір олар мамандардың қадағалауында, енелерінің бауырында өсіп жатыр.
Наурыз басында балалаған аққолды гиббонның төлі хайуанаттар бағында бірнеше буын жалғасып келе жатқан әулет. Әкесі Джим, әжесі Джулия да осында туған. Арғы атасы Табинді тұрақты келушілер жақсы таниды.
Мамандардың айтуынша, аналықтар мен төлдердің жағдайы жақсы. Күн жылынған соң жануарлар жазғы қоршауға шығарыла бастайды. Келушілер олардың табиғи ортаға жақын жағдайдағы тіршілігін тамашалай алады.
Приматтар бөлімінің жетекшісі Шолпан Әбдібекова: «Аққол гиббондар мен сақиналы құйрықты лемурларда төлдің дүниеге келуі осы түрлердің генетикалық әртүрлілігін сақтауға ықпал етеді әрі келушілердің жабайы табиғатты қорғау мәселесіне қызығушылығын арттырады», дейді.
Сұр кенгурулар Лорд пен Ларадан, сондай-ақ Тик пен Линдадан екі төл туған. Лара алтыншы рет төлдесе, Линда алғаш рет балалаған. Жирен кенгурулар Мартин мен Мартадан тағы бір еркек төл дүниеге келген.
Жыртқыш сүтқоректілер бөлімінің жетекшісі Гауһар Сіргебаева: «Жаңа туған кенгуру төлін бірден байқау мүмкін емес. Біз оның дүниеге келгенін біраз өскен соң, қалтадан басын шығара бастағанда ғана аңғарамыз. Сондықтан нақты туған күні шамамен ғана анықталады», дейді.

