Сурет: ДСҰ Тұрақты өкілдігі
Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың спорттық киімі Лозаннадағы Халықаралық Олимпиада музейіне ресми түрде табысталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл – Қазақстанның аталған музейде ұсынылған алғашқы әрі жалғыз формасы. Музей әлемдік олимпиадалық тарихтың басты орталықтарының бірі саналады, онда түрлі елдердің көрнекті спортшыларының жеңістері мен жетістіктерінің нышандары сақталады.
Салтанатты рәсім Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының «Көпірлер орнату: инновациялар мен шығармашылық – болашақ қоғамының қозғаушы күші» тақырыбындағы бейресми министрлік саяси диалогы аясында өтті. Талқылауда спорт, инновация, шығармашылық және халықаралық ынтымақтастықтың елдерді біріктіруге, адам әлеуетін ашуға және болашақ ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпалы қарастырылды.
Іс-шараға Қазақстан атынан Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Дүниежүзілік сауда ұйымы және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев, сондай-ақ Олимпиада чемпионы Александр Винокуров қатысты.
Винокуров өз сөзінде спорт адамның мүмкіндіктерін кеңейтетінін, жеңіс ешқашан бір адамның ғана еңбегінің нәтижесі болмайтынын атап өтті. Ол әрбір жеңістің артында команда, білім, технология, еңбек және сенім тұратынын, Қазақстан білімге, инновацияға және азаматтарының әлеуетін ашуға ерекше мән беретінін жеткізді.
ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі Қазақстанның олимпиадалық формасы Халықаралық Олимпиада музейінде өз орнын алғанын, бұл халықаралық мойындаудың маңызды нышаны екенін атап өтті.

