Сурет: ашық дереккөз
2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының базалық нұсқасы бойынша Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің орташа жылдық өсімі 5 пайыздан асуы күтілуде, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
«Номиналды ІЖӨ 2027 жылы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың өсуі мұнай емес секторлардағы өндірістің ұлғаюымен байланысты. Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тау-кен өнеркәсібінен озып кететін болады. Өңдеудің өсуіне негізінен металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру салалары үлес қосады», деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьер ауыл шаруашылығы саласы да жыл сайын кемінде 5 пайыз өсіммен даму драйверіне айналатынын атап өтті. Құрылыс секторында көлік-логистика, энергетика, су, тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту есебінен 2027 жылы 16 пайыздан 2029 жылы 17,3 пайызға дейін өсім қарқыны артады деп күтілуде.
Қызмет көрсету саласында сауданың орташа жылдық өсімі 5,7 пайызға, көлік пен қоймаға жинау 10,4 пайызға, ақпарат пен байланыс 9,2 пайызға өседі деп болжанды.
Сыртқы сауда балансы оң болып қалады: тауарлар экспорты 2027 жылы 82,8 млрд доллардан 2029 жылы 88,5 млрд долларға дейін өседі, импорт 80,5 млрд доллардан 88,4 млрд долларға дейін артады.
Инфляция дәлізі 2027 жылы 7,5-9,5 пайыз деңгейінде болады деп айқындалды, кейіннен 2028-2029 жылдары 6-8 пайызға дейін төмендейді.
Сондай-ақ, бүгін Үкімет отырысында Серік Жұманғарин 2029 жылы бюджет тапшылығы 0,4 пайызға дейін қысқаратынын айтты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика министрі келесі бюджеттік жоспарлауда ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қарастырылуы мүмкін екендігін айтқан болатын.
