Спорт

Айтақын мен Шагаева күрестен әлем чемпионатында қола жүлде үшін белдеседі

Сурет: Туризм және спорт министрлігі

Астанада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында қазақстандық балуандар Асыл Айтақын мен Алтын Шагаева қола медаль үшін күреседі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Еркін күрестен Асыл Айтақын 61 келіге дейінгі салмақта жартылай финалға дейін жетті. Ол ширек финалда Германия өкілі Хорст Лерді 8:1 есебімен ұтты. Алайда жартылай финалда Иран балуаны Ахмад Масуд Мохаммаднежаджаванға 1:3 есебімен жол берді. Енді Айтақын қола жүлде үшін белдеседі.

Әйелдер күресінде Алтын Шагаева 59 келіге дейінгі салмақта финалға шыға алмады. Жартылай финалда Үндістан өкілі Манишаға есе жіберді. Ол қола медаль үшін күреседі, қарсыласы жұбаныш белдесулерінен кейін анықталады.

Еркін күрестің басқа салмақтарында Дастанбек Өсімжан 65 келіде украиналық Андрей Джелепті 3:1 есебімен жеңді. Едіге Қасымбек 125 келіде грузиялық Александр Абрамишвилиді 10:0 есебімен ұтып, келесі айналымда түркиялық Хакан Буючингильге 1:11 есебімен жеңіліп қалды. Санжар Досжанов 70 келіде кениялық Юджин Омулулды 11:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңді. Болат Сақаев 86 келіде испаниялық Габриэль Иглесиасты 4:0 есебімен ұтты.

Жәмила Бақбергенова 72 келіге дейінгі салмақта қола медаль үшін жапониялық Махиро Ешитакеге 4:6 есебімен жол беріп, әлем чемпионатын аяқтады.

Қазақстан құрамасында әлем чемпионатының үш күміс және бір қола медалі бар. Бұған дейін грек-рим күресінің шеберлері 10 салмақтағы жүлделерді жеңіп алғаны хабарланған.

Көп оқылғандар