Сурет: Ұлттық Олимпиада комитеті
Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) спортшылар комиссиясына сайланатын үміткерлер тізімін бекітті. Бұл — 20 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтетін XX жазғы Азия ойындары аясында жүзеге асады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметінше, комиссияға Орталық, Шығыс және Батыс Азиядан бір-бір өкіл, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азиядан бір әйел спортшы сайланады. Орталық Азия аймағынан жалғыз орынға Әмір Маймұратов (Қазақстан, спорттық құзға өрмелеу), Ариан Салими (Иран, таеквондо) және Джасурбек Жайсынов (Өзбекстан, таеквондо) үміткер болып отыр.
Әмір Маймұратов 2024 жылы Парижде өткен Олимпиялық ойындарға қатысқан. Ол «Жылдамдық» сайысында бесінші орынды иеленді. Сондай-ақ оның қоржынында Әлем кубогі кезеңдері мен Азия чемпионатында жеңіп алған жүлделер бар.
«АОК талаптарына сәйкес, барлық кандидаттар қазіргі кезде спортпен белсенді түрде айналысатын спортшылар немесе соңғы екі жазғы не қысқы Азия ойындарының қатысқан спортшы болуға тиіс. Олар өкілдік ететін спорт түрі жазғы Олимпиялық ойындардың бағдарламасына енгізілген болуы қажет. Сонымен қатар үміткерлер комиссия жұмысын атқару үшін ағылшын тілін еркін меңгеруі керек», делінген хабарламада.
ҰОК-нің мәліметіне қарағанда, дауыс беру 2026 жылғы Азия ойындары кезінде, 20 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді. Ойындарға қатысатын әрбір спортшы өз өңіріндегі кандидаттардың біріне бір рет дауыс бере алады. Дауыс беру аяқталған соң АОК Спортшылар комиссиясының төрт жаңа мүшесін жариялайды.
«АОК Спортшылар комиссиясы спортшылардың мүддесін ұйым құрылымдарында қорғап, олардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуына мүмкіндік береді. Комиссия мүшелері спортшылар мен АОК басшылығы арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, жарыстарды ұйымдастыру, допингке қарсы саясат, медициналық қызмет көрсету және логистика мәселелері бойынша спортшылардың ұстанымын білдіреді. Комиссияның аймақтық қағидат бойынша жасақталуы Азияның бес өңіріндегі спортшылардың мүддесін ескеруге мүмкіндік береді», делінген материалда.
Бұған дейін Әмір Маймұратов Париж Олимпиадасына қатысып, спорттық құзға өрмелеу сайысының «жылдамдық» дисциплинасында табысты өнер көрсетті.
