Сурет: Ашық дереккөз
Мемлекеттің әлеуметтік саясаты пассивті төлемдерден атаулы, проактивті қолдауға ауысып келеді. Қазіргі әлеуметтік қорғаудың негізгі әлеуеті – бюджет қаражатын жай бөлу емес, қиын жағдайдағы адамдарға нақты көмек көрсету және олардың дағдарыстан шығуына ықпал ету, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл бағыттағы басты құрал – Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК). Бұл – өмірлік қиындықтарға тап болған және табысы төмен отбасылар мен азаматтарға арналған мемлекеттік қолдау шарасы. АӘК-тің мақсаты – шынымен мұқтаж жандарды қолдау және отбасының күрделі кезеңнен өтуіне көмектесу.
АӘК алу құқығы бар адамдардың санаттары: тағайындаудың басты критерийі – отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен аспауы керек. Көмек мөлшері отбасының орташа табысы мен кедейлік шегі арасындағы айырма ретінде анықталады. АӘК алу құқығын анықтау кезінде отбасы құрамы, барлық мүшелерінің материалдық жағдайы және заңнамада көзделген жағдайларда мүліктік жағдайы ескеріледі.
Қазір әлеуметтік көмекті рәсімдеу бюрократиядан арылған. АӘК тағайындау үшін eGov порталы арқылы өтініш беруге немесе жеке куәлікпен тұрғылықты жердегі Мансап орталығына не әкімдікке жүгінуге болады. Деректерді өңдеу автоматтандырылған: тексеру нәтижесінде АӘК тағайындау немесе бас тарту туралы шешім қабылданады. Қажет болса, уәкілетті органдар қосымша мәліметтерді нақтылай алады.
Еліміз әлеуметтік қолдау бойынша Орталық Азияда алдыңғы қатарда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үшін атаулылық басты назарда. Цифрландыру аясында ведомство мемлекет қаржысының көлеңкелі табысы жоғары адамдарға кетпеуін қадағалайды.
Қазір азаматтардың мұқтаждығын анықтау тетігін жетілдіру жұмыстары жүріп жатыр. Өзгерістердің мақсаты – мемлекеттік қолдауды шынымен мұқтаж жандарға әділ әрі атаулы түрде көрсету. Негізгі жаңашылдықтардың бірі – тек өтініш беруші мен отбасының кәмелетке толған мүшелерінің келісімімен банктік деректерді пайдалану мүмкіндігі. Бұл отбасының нақты қаржылық жағдайын объективті бағалауға және мұқтаж емес азаматтардың көмек алуын болдырмауға көмектеседі.
Министрлік өзгерістер заңнамада банктік құпия талаптарын сақтай отырып көзделетінін атап өтеді. Өтініш берушінің келісімінсіз банктік деректерге рұқсат берілмейді, бірақ келісімнен бас тарту мұқтаждық мәртебесін мұқият тексеруге негіз болуы мүмкін. Әлеуметтік қолдаудың әлеуеті оның ашықтығында: бағалаудың жаңа құралдары салықтардың АӘК арқылы тек нақты мұқтаж отбасыларға бағытталуына кепілдік береді.
Мазмұнға өту
