Сурет: Fifa.com
Футболдан әлем чемпионатының I тобындағы екінші тур матчында Франция құрамасы Иракты ойсырата жеңді. Филадельфиядағы Lincoln Financial Field стадионында өткен кездесу 3:0 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Француздар сапында Киллиан Мбаппе дубль жасап, тағы бір голды Усман Дембеле соқты. Есеп 14-минутта ашылды: Майкл Олисе пас беріп, Мбаппе айып алаңы сыртынан күшті соққымен допты қақпаға дәл бағыттады.
Бірінші таймның соңы нөсер жаңбыр астында өтті. Үзілістен кейін стадион маңындағы найзағайға байланысты ұйымдастырушылар матчты тоқтатты. Турнирдің қауіпсіздік хаттамасы бойынша найзағай қаупі болса, ойын жалғастырылмайды.
Алғашында екінші тайм 15 минутқа кешіктірілді, кейін үзіліс бірнеше рет ұзартылып, командалар алаңға бірінші тайм аяқталғаннан кейін шамамен 2 сағат өткен соң қайта оралды.
Ойын қайта басталған соң француздар барысын толық бақылап, қарсылас қақпасына қауіпті шабуылдарын жалғастырды. 74-минутта Дембеле есеп айырмасын екі допқа жеткізсе, 88-минутта Мбаппе дубль жасап, қорытынды есепті белгіледі — 3:0.
Екі турдан кейін Франция құрамасы 6 ұпай жинап, мерзімінен бұрын плей-офф кезеңіне жолдама алды. Ирактың активінде 3 ұпай қалып, олар соңғы турда келесі кезеңге шығу үшін күреседі.

