Сурет: Vietnam.vn
Әлем чемпионатының плей-офф кезеңінде бүгін жанкүйерлерді тартысты екі матч күтіп тұр. 1/16 финалда Бразилия Жапониямен, ал Германия Парагваймен кездеседі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бразилия мен Жапония арасындағы ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады. АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін кездесуге италиялық төреші Маурицио Мариани төрелік етеді.
Бразилия құрамасы С тобында жеті ұпаймен бірінші орын алды. Карло Анчелотти шәкірттері алғашқы ойында Мароккомен 1:1 есебімен тең түсіп, кейін Гаити мен Шотландияны 3:0 есебімен жеңді. Команда көшбасшысы Винисиус Жуниор үш матчтың барлығында гол соғып, топтық кезеңнің барлық ойынында үздік атанған алғашқы ойыншы болды.
Жапония құрамасы Нидерландпен (2:2) және Швециямен (1:1) тең түсіп, Тунисті 4:0 есебімен жеңді. Былтыр қазан айындағы жолдастық кездесуде жапондықтар Бразилияны тарихында алғаш рет 3:2 есебімен ұтқан болатын.
30 маусымға қараған түні сағат 01:30-да Германия құрамасы Парагваймен ойнайды. Немістер Е тобында алты ұпаймен бірінші орын алып, Кюрасаоны 7:1, Кот-д’Ивуарды 2:1 есебімен жеңді. Парагвай Түркияны ұтып (1:0), Австралиямен тең ойнап (0:0), АҚШ-тан жеңілгеніне (1:4) қарамастан үздік үшінші орын иегерлерінің қатарында плей-оффқа жолдама алды.
Әлем чемпионатының матчтарын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Сондай-ақ ойындар qazaqstan.tv, qazsporttv.kz ресми сайттарында, «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасында және «Birge.tv» платформасында онлайн форматта қолжетімді.

