Қаржы

Әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасының шарттары жаңартылды

Сурет: istockphoto.com

«Отбасы банк» әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасының жаңартылған шарттарын жария етті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Банктің хабарлауынша, бағдарлама аясында салынып жатқан үйді, бастапқы немесе 2016 жылдан кейін салынған қайталама нарықтағы пәтерді Қазақстанның кез келген қаласынан тіркеусіз сатып алуға болады. Сондай-ақ баспана сатып алу мен жөндеуге бір несие рәсімдеу мүмкіндігі бар.

Бағдарлама бойынша конкурс өткізілмейді, несиелер өтінімдердің түсу ретімен және мақұлдануына қарай беріледі.

Жаңартылған талаптарға сәйкес, отбасының ай сайынғы таза табысы 1,25 млн теңгеден аспауы керек. Бұрын бұл шек 950 мың теңге болған. Төлем қабілеттілігін растау және сатып алынған үйде міндетті түрде тұру талабы сақталған.

Несиенің ең жоғары сомасы 50 млн теңге. Алматы мен Астанада банк үй құнының 80%-ына дейін, ал басқа өңірлерде 85%-ына дейін несие береді. Қалған бөлігін қарыз алушы бастапқы жарна ретінде төлейді.

Бастапқы жарна депозиттегі жинаққа байланысты 0%-дан 50%-ға дейін болуы мүмкін. Несие мерзімі 25 жылға дейін.

Маңызды талап – сатып алынатын үй әйелдің атына рәсімделуі тиіс. Егер қатысушы некеде болса, баспана ортақ мүлік ретінде тіркеледі. Қосалқы қарыз алушыны тартуға рұқсат етіледі.

Банк «Ұмай» бағдарламасының іске қосылатын күні мен жаңа пайыздық мөлшерлемелері туралы кейін хабарлайтынын мәлімдеді.

Көп оқылғандар