Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Креативті индустрияларды дамыту қоры (Qazaq Creative) отандық әдебиет, кітап шығару және кітап оқудың цифрлық технологиялары саласындағы стартаптар мен инновациялық жобаларға арналған грант конкурсының қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Конкурсқа жалпы 172 өтінім келіп түсті. Іріктеу қорытындысы бойынша 10 жоба жеңімпаз деп танылды. Оларды жүзеге асыруға шамамен 50 млн теңге бөлінеді, әр жобаға 5 млн теңгеге дейін грант қарастырылған.
Қолдау алған бастамалардың қатарында қазақ тілінде кітап оқуға арналған цифрлық кітапханалар мен платформалар жасау, балаларға арналған кітаптар мен комикстер шығару, жасанды интеллектіні пайдаланып интерактивті білім беру құралдарын әзірлеу жобалары бар.
Атап айтқанда, «Сөз-Қазына», Oqiber, «Бір беттік кітап: Қазақ ертегілері», Satti.asia, «Тәтті ертегі», Abai Library, «Tulga», Compara жобалары, сондай-ақ қазақстандық комикстер топтамасы мен «Домбыра үйренгім келеді» жобасы гранттық қолдауға ие болды.
Бұл бастамалар отандық әдебиеттің қолжетімділігін арттыруға, қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейтуге, балалар мен жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ заманауи цифрлық технологиялар арқылы ұлттық мәдениетті дәріптеуге бағытталған.
Еске салайық, Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев «PARAQTA» онлайн кітапхана платформасының негізін қалаушы Керім Аянқызы мен Ердәулет Құралмен кездесу өткізді. Олар «PARAQTA» онлайн кітапхана платформасын жасаған. Қазірдің өзінде оған 15 мыңнан астам оқырман тіркелген.
Айта кетейік, Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» марафонына 1,4 миллионнан астам адам қатысып жатыр.
Мазмұнға өту
