Қоғам

500 мың теңгеге қуыршақ сату туралы хабарландыру желіде дау тудырды

Сурет: almaty.police / instagram

Әлеуметтік желіде 500 мың теңгеге қуыршақ сатылатыны туралы хабарландыру тарап, ол оқырмандар арасында қызу талқыланды. Желі қолданушылары хабарландырудың астарында жаңа туған сәбиді сату әрекеті болуы мүмкін деп болжады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Аталған жағдайға байланысты полиция тексеру жүргізді.

«Хабарландырудағы баға мен оның мазмұны әлеуметтік желі қолданушыларының алаңдаушылығын туғызған. Азаматтар қуыршақ сату туралы хабарландырудың астарында жаңа туған нәрестені сату туралы ұсыныс болуы мүмкін деген болжам жасаған», делінген Алматы полициясының мәліметінде.

Алматы полициясы тексеру жүргізіп, жарияланым авторын анықтады.

«Хабарландыруды психоневрологиялық есепте тұрған ер адамның жариялағаны белгілі болды. Сонымен қатар оның адам саудасына, оның ішінде жаңа туған нәрестелерді сатуға қатысы бар екенін растайтын қандай да бір дерек анықталған жоқ. Осылайша, баланы сату туралы ақпарат расталмады. Жарияланымда нақты қуыршақ сату туралы айтылған», делінген хабарламада.

Айта кетейік, Түркістанда жаңа туған сәбиін 800 мың теңгеге сатпақ болған әйелге үкім шықты.

Көп оқылғандар