Қаржы

2029 жылы бюджет тапшылығы 0,4%-ға дейін қысқарады

Сурет: Үкімет

Қазақстанда республикалық бюджет тапшылығы алдағы үш жылда біртіндеп азаяды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, 2027 жылы бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің 2,3%-ын құраса, 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 0,4%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.

«Мемлекеттік қаржының орнықтылығын қолдау үшін бюджет тапшылығы 2027 жылы ІЖӨ-ге қатысты 2,3% деңгейінде болады деп айқындалды, ал 2029 жылы 0,4%-ға дейін төмендейді. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары 2027 жылы 30,2 трлн теңгені, 2028 жылы 29,4 трлн теңгені және 2029 жылы 29,6 трлн теңгені құрайды», деді министр.

Сондай-ақ Серік Жұманғарин республикалық бюджеттің кірістері 2027 жылы 19,9 трлн теңгені құрайтындығын айтты. Оның сөзінше, 2028 жылы бұл көрсеткіш 21,7 трлн теңгеге, ал 2029 жылы 23,4 трлн теңгеге дейін артпақ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика министрі келесі бюджеттік жоспарлауда ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қарастырылуы мүмкін екендігін айтқан болатын.

Көп оқылғандар