Сурет: Қазақстан дзюдо федерациясы
Эквадорда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына екінші алтын медаль түсті. 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Фатима Сұпығалиева қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Финалдық белдесуде ол украиналық Ксения Кирильчуктен басым түсті. Негізгі уақыт тең аяқталып, жеңімпаз қосымша уақытта (golden score) анықталды. Шешуші сәтте отандасымыз ұтымды әдіс жасап, қарсыласын иппонмен жеңді.
Осылайша, Фатима Сұпығалиева Қазақстан дзюдо тарихында қыздар арасында әлем чемпионы атанған тұңғыш дзюдошы ретінде тарихқа енді.
Сондай-ақ Інжу Жұмажан (-57 кг) күміс жүлдеге ие болса, Ерік Үсенов (-66 кг) пен Бекәли Еркен (-73 кг) қола жүлдегер атанды.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатының екінші жарыс күнінен кейін де жалпы медаль кестесіндегі көшбасшылығын сақтап қалды. Ұлттық құраманың еншісінде 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль бар.
Биылғы әлем біріншілігіне 59 елден 457 жас татами шебері қатысуда. Әлем чемпионаты 23 тамызға дейін жалғасады.
Мазмұнға өту
