Спорт

12 ел қазақ күресін дамытуға арналған меморандумға қол қойды

Сурет: Qazaq Kuresi қауымдастығының баспасөз қызметі

Бакуде өтіп жатқан қазақ күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионаты аясында Qazaq Kuresi қауымдастығы мен қатысушы елдердің ұлттық федерация өкілдері кездесіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Басқосуда қазақ күресінің халықаралық деңгейдегі дамуы талқыланып, 12 елдің өкілі ортақ құжатқа қол қойды. Жиынды Qazaq Kuresi қауымдастығының бас директоры Мейіржан Берекетов ашты. Ол ұлттық федерация басшылары мен спорт ұйымдарының өкілдеріне алғыс білдіріп, елдер арасындағы тұрақты әріптестік қазақ күресінің аясын кеңейтуде маңызды екенін атап өтті.

«Бүгінгі кездесу халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, ұлттық федерациялар арасындағы достық байланысты дамытуға және алдағы өзара іс-қимыл үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған. Біз әріптестеріміздің қазақ күресін дамытуға деген ықыласы мен ортақ жұмысқа белсенді араласуын жоғары бағалаймыз», деді Мейіржан Берекетов.

Меморандумға Грузия, Үндістан, Филиппин, Иран, Италия, Қырғызстан, Литва, Молдова, Нидерланд, Польша, Тәжікстан және Индонезия өкілдері қол қойды. Осылайша, әлем чемпионатына келген 12 ел қазақ күресін ілгерілету бойынша ортақ жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Жиында Индонезиядағы қазақ күресінің дамуына да назар аударылды. Биыл елдің ұлттық федерациясы United World Wrestling (UWW) тарапынан ресми қауымдастырылған ұйым ретінде танылып, Индонезия аумағында қазақ күресін дамытуға жауапты құрылым мәртебесін алды. Осыған орай UWW-дің техникалық делегаты Онур Шимшек Индонезия федерациясының басшылығына халықаралық ұйымның тиісті сертификатын табыстады.

Бакудегі кездесу ұлттық федерациялар арасындағы байланысты жаңа мазмұнмен толықтырды. Тараптар алдағы уақытта ортақ жобаларды жүзеге асырып, қазақ күресін өз елдерінде дамытуға және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты.

Көп оқылғандар