Қаржы

114 839 қазақстандық мобильді аударымдар ережесін бұзғаны үшін хабарлама алды

Сурет: Коллаж: Kazinform

Мемлекеттік кірістер комитеті 114 839 азаматқа ақпараттық хат жолдады. Олар табыс декларациясын тапсырмай, кәсіпкерлікпен айналысуы мүмкін деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство мәліметінше, шотқа ай сайын 100-ден астам адамнан ақша түсуі және үш айда 1 миллион теңгеден артық қаржы аударылуы кәсіпкерлік белгілері саналады. Хаттар мынадай белгілер анықталған азаматтарға жіберіледі: қатарынан үш айдың әрқайсысында шотқа 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан ақша түсуі; шот кәсіпкерлікке арналмаған болуы; түсімдердің жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан асуы.

Хат алу жауапкершілікке тартуды білдірмейді, ол ақпараттық-түсіндіру сипатында. Егер азамат кәсіпкерлікпен айналысса, табысын заңдастыруы керек: жеке кәсіпкер ретінде тіркелу, табысты салық есептілігінде көрсету және салықты уақытында төлеу қажет.

Салық төлеушінің мәртебесіне қарай табыс әртүрлі көрсетіледі. Тіркелмеген немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 2026 жылға арналған 270.00-нысандағы декларацияны 2027 жылғы 1 қаңтардан 15 қыркүйекке дейін тапсырып, салықты 25 қыркүйекке дейін төлеуі тиіс. Жалпы режимдегі жеке кәсіпкерлер 220.00-нысанды 2027 жылғы 1 қаңтардан 31 наурызға дейін тапсырып, салықты 10 сәуірге дейін төлейді. Оңайлатылған режимдегілер 910.00-нысанды 2026 жылғы 1 шілдеден 15 тамызға дейін тапсырып, салықты 25 тамызға дейін төлеуі қажет.

Егер қызмет кәсіпкерлік болмаса немесе сұрақтар туындаса, 1414 байланыс орталығына немесе мемлекеттік кірістер органдарына жүгінуге болады.

Мемлекеттік кірістер комитеті салық міндеттемелерін уақтылы орындау салықтық әкімшілендірудің кейінгі рәсімдерін болдырмауға мүмкіндік беретінін еске салады. Салық міндеттемелері уақытында орындалмаған жағдайда, салық төлеушіге камералдық бақылау нәтижесінде анықталған сәйкессіздіктер туралы хабарлама жолданатын болады, — делінген Мемлекеттік кірістер комитеті таратқан ақпаратта.

Көп оқылғандар