Сурет: rail-news.kz
«Жолаушылар тасымалы» АҚ 2026 жылғы 1 қазаннан бастап №1/2 «Алматы – Ташкент» халықаралық пойызының құрамында алғаш рет «Әйелдер вагонын» іске қосады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл пойыз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тұрақты теміржол қатынасын қамтамасыз етіп, екі елдің ірі қалаларын байланыстырады.
«Алматы – Ташкент» халықаралық бағыты Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жолаушылар қатынасын дамытуда маңызды рөл атқарады. Бағытқа сұраныстың артуы және жолаушылар ағынының өсуі ескеріле отырып, осы бағытта «Әйелдер вагонын» іске қосу туралы шешім қабылданды. Бұл қызмет ішкі теміржол бағыттарында да жолаушылар арасында сұранысқа ие. «Әйелдер вагоны» қызметі іске қосылғаннан бері оны 946 мыңнан астам жолаушы пайдаланды», деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.
Қазіргі уақытта пойыз күн сайын қатынайды:
- Алматы стансасынан жөнелуі – 19:05;
- Ташкент стансасына келуі – 12:53 (Ташкент уақытымен);
- Ташкент стансасынан жөнелуі – 14:41 (Ташкент уақытымен);
- Алматы стансасына келуі – 08:51.
Жаңа вагонның іске қосылуына байланысты «Әйелдер вагоны» бағыттарының саны 14-ке жетті:
- №351/352 «Алматы – Маңғыстау»;
- №45/46 «Павлодар – Түркістан».
«Әйелдер вагонында» ересек адамның еріп жүруімен жеті жасқа дейінгі ұл балаларды қоса алып жүруге рұқсат етіледі. Бұл вагондарға билеттер тек әйелдерге сатылады, ал жолаушыларға тек жолсерік әйелдер қызмет көрсетеді. Билеттерді теміржол кассаларынан кассирге «Әйелдер вагонын» таңдағанын хабарлау арқылы, сондай-ақ, bilet.railways.kz ресми сайтында онлайн сатып алуға болады. Билет рәсімдеу кезінде орынның әйелдер вагонына тиесілі екенін білдіретін «ЖН» белгісіне назар аудару қажет. Билеттер пойыз жөнелтілетін күнге дейін 45 тәулік бұрын сатылымға шығарылады. Бұл жолаушыларға сапарын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді», деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.
Еске салайық, жазғы маусымда 4 пойызда вагон-мейрамхана іске қосылды.
