Қоғам

«Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы басталды

Сурет: istockphoto.com

Қазақстанда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру мақсатында «Жылдың 10 оқырманы» атты республикалық жоба іске қосылды. Жоба шеңберінде еліміздің ең үздік 10 оқырманы анықталып, олардың әрқайсысына 10 млн теңгеден ақшалай сыйлық беріледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жоба 1 қыркүйекте кітап оқу марафонымен басталды. Марафон 2027 жылдың наурызына дейін жалғасып, Қазақстанның барлық өңірін, оның ішінде 195 аудан мен 87 қаланы қамтиды.

Қатысушылар жеті санат бойынша анықталады: мектеп оқушылары, колледж білім алушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер, үш буын өкілдері бар отбасылар, мемлекеттік қызметшілер және басқа да азаматтар. Саясаткерлер мен зиялы қауым өкілдері үшін «Parasat» арнайы бағыты қарастырылған.

Марафонға қатысу тегін. Ұйымдастырушылар отандық және әлем әдебиетінің 345 шығармасынан тұратын тізім әзірлеген. Әр қатысушы өз санатына сәйкес 15 кітап оқуы тиіс.

Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша шамамен 4 мың жүлдегер анықталып, 20 өңірден 200 қатысушы республикалық финалға өтеді. Финалда олардың шығармаларды меңгеруі, әдеби туындыларды талдай білуі және көпшілік алдында сөйлеу қабілеті бағаланады.

Айта кетейік, жоба былтыр үш өңірде пилоттық форматта өткізіліп, оған 190 мыңға жуық адам қатысқан. Биыл марафон алғаш рет еліміздің барлық өңірін қамтып отыр.

Жобаның қорытындысы бойынша 10 үздік оқырманға «Жыл оқырманы» атағы беріледі. Марапаттау рәсімі 23 сәуір – Ұлттық кітап күні Республикалық оқырмандар форумы аясында өтеді.

Еске сала кетейік, 1 қыркүйектен бастап елімізде «Кітап оқитын ұлт» марафоны басталды. Марафонға 1 миллионнан астам қатысушы тіркеліп үлгерді.

Көп оқылғандар