Қоғам

Жүрекке үміт сыйлаған жүгіріс: Астанада қайырымдылық фестивалі өтуде

Сурет: Egemen Qazaqstan

Бүгін Астанада трансплантацияны күтіп жүргендерге қолдау көрсету мақсатында Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіру фестивалі өтіп жатыр. Биыл шараға 7 мыңнан астам қатысушы мен қонақтың келуі жоспарланған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанда қазір 4,7 мыңнан астам адам ағза трансплантациясын күтуде, оның 126-сы — балалар. Донорлық ағзалардың жетіспеушілігі трансплантологиядағы ең өзекті мәселелердің бірі саналады.

Трансплантацияны күтіп жүрген әр адам үшін бұл кезең — үміт пен алаңдаушылық қатар жүретін күрделі сынақ. Фестивальдің басты мақсаты — қоғам назарын трансплантация мәселесіне аударып, донорлықтың маңызын кеңінен насихаттау.

Jüregımnıñ Jeñımpazy фестивалі сегіз жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Шара аясында қатысушылар спорт арқылы қайырымдылық пен қолдаудың маңызын көрсетеді.

Биыл фестивальге 7 мыңнан астам қатысушы мен қонақтың келуі жоспарланған. Қатысушылар 1, 3 және 10 шақырымдық қашықтықтарды бағындырады. Сонымен қатар шара барысында спорттық және мәдени бағдарламалар ұйымдастырылады.

Фестиваль трансплантацияны күтіп жүрген жандарға қолдау көрсетіп қана қоймай, қоғамда донорлық мәдениетті қалыптастыруға және адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін донорлықтың маңызын түсіндіруге бағытталған.

Көп оқылғандар