Қоғам

Жүрекке қойылған каркас кейін ағзаға сіңіп кетеді: Қазақстанда жаңа технология енгізілді

Сурет: istockphoto.com

Қазақстанда жүрек қан тамырларын емдеуде жаңа технология алғаш рет қолданылды. Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының мамандары төрт пациентке биорезорбцияланатын магний скаффолдтарын орнатты. Бұл уақытша каркас белгілі бір уақыттан кейін ағзаға біртіндеп сіңіп кетеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында коронарлық артериялары тарылған төрт пациентке жоғары технологиялық операция жасалды. Мамандар бұл процедура кезінде биорезорбцияланатын магний скаффолдтарын қолданды.

Магний скаффолды деген не? Бұл – жүрекке қан апаратын тарылған тамырға орнатылатын уақытша каркас. Оның негізгі міндеті – тамырды ашық ұстап, қанның қалыпты ағуын қамтамасыз ету.

Дәстүрлі металл стенттен айырмашылығы – магний скаффолды тұрақты түрде тамырда қалмайды. Өз міндетін орындағаннан кейін ол уақыт өте келе ағзаға біртіндеп сіңіп кетеді. Осы арқылы тамырдың табиғи қалпына келуіне жағдай жасалады.

«Мұндай технология тамырдың каркастың қолдауымен қалпына келу кезеңінен өтуіне мүмкіндік береді, содан кейін ол біртіндеп резорбцияланады. Бұл тамыр қабырғасының табиғи қалпына келуіне қосымша мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті КІА ҒЗИ рентгенэндоваскулярлық операциялық блогының меңгерушісі Алексей Колесников.

Жаңа технология интервенциялық кардиология саласындағы халықаралық мастер-класс аясында қолданылды. Іс-шараға Германиядағы Klinikum Fürth клиникасының интервенциялық кардиология маманы, күрделі коронарлық операциялар бойынша сарапшы доктор Стильянос Пиксарас қатысты.

Мастер-класс кезінде қазақстандық дәрігерлер биорезорбцияланатын скаффолдтарды қолдану тәсілдерін, пациенттерді іріктеу талаптарын және жүрек тамырлары күрделі зақымданған жағдайда операция жүргізудің ерекшеліктерін меңгерді.

Төрт операцияның барлығы сәтті өтті. Пациенттерге жоғары технологиялық медициналық көмек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін көрсетілді.

Мамандардың айтуынша, мұндай заманауи технологияларды енгізу жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарды емдеу мүмкіндігін кеңейтіп, Қазақстанда жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Көп оқылғандар