Саясат

ЖСДП сайлауалды бағдарламасын қабылдап, үміткерлер тізімін бекітті

Сурет: Egemen Qazaqstan

Астанада Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның кезектен тыс XXV съезі өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген делегаттар партияның сайлауалды бағдарламасын мақұлдап, алдағы науқандағы стратегиясын белгіледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Съезде Құрылтай сайлауына қатысатын партиялық үміткерлердің тізімі бекітілді. Олардың жалпы саны – 33. ЖСДП-ның дайындық науқанының басталғаны жарияланып, партияның жиырма жылдық саяси тәжірибесіне негізделген жаңартылған идеологиясы таныстырылды. Жаңа бағдарламаның басты тақырыбы – «Прогресс жолындағы 20 белес».

Партия төрағасы Асхат Рахимжановтың айтуынша, бұл ЖСДП-ның құрылғанына 20 жыл толуына және саяси ұйым ұсынған реформалардың жиырма нақты бағытына арналған. Ол: «Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін еліміз саяси дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ата заңда көрініс тапқан бастамаларды партия ұзақ жыл бойы жүйелі түрде ұсынып келді. Партия бағдарламасы – Еркіндік, Әділдік, Ынтымақтастық қағидаттарына негізделген жүйелі реформалардың нақты жоспары. Жауапты демократия дәл осы қағидаттарға сүйенуге тиіс. Біздің құжатта демократиялық реформалардың міндеттері ғана емес, онда мемлекет, экономика, әлеуметтік саланы жаңғыртудың нақты тетіктері ұсынылған. Азаматтар тек мемлекеттік билік өкілдерін сайлап қана қоймай, олардың қабылдаған шешімдерінің орындалуын бақылап, нақты нәтижелерді талап етуі қажет», – деді.

Съезде әлеуметтік мәселелерге де көңіл бөлінді. Баяндамашылар партияның сайлауалды бағдарламасын толық қолдай отырып, ондағы бірқатар тармақтарға басымдық берді. Олар білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларына жұмсалатын шығындарды адам капиталы мен елдің болашағына салынатын инвестиция ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ партияның экономиканы демонополияландыруды, отандық өндірісті қолдауды, ауыл шаруашылығын дамытуды, шартты жер үлестері иелерінің (пайшылар) құқықтарын қалпына келтіруді, жеке қосалқы шаруашылықтардың құқықтық мәртебесін заңнамалық тұрғыдан бекітуді және табиғи ресурстарды пайдаланудан түсетін табысты әділ бөлуді қолдайтыны айтылды.

Басқосу қорытындысында партия басшылығы ЖСДП сайлауалды бағдарламасының қуатты, заманауи саяси көзқараспен және елдің дамуына үлес қосуға бағытталған нақты стратегиямен өз тарихының жаңа кезеңіне қадам басқанын мәлімдеді.

Партия төрағасы: «Біздің партия тарапынан ұсынылған үміткерлердің барлығы қоғамның сұранысын жақсы білетін әрі сезінетін азаматтар. Олар елдегі социал-демократиялық идеялардың өміршеңдігін нақты істерімен дәлелдеді. ЖСДП халық билігі институттарын одан әрі дамытуды, әділ саяси бәсекелестікті қамтамасыз етуді, тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыруды, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтуді және азаматтардың конституциялық құқықтарының іс жүзінде толық жүзеге асырылуына кепілдік беруді қолдайды», – деп сөзін түйіндеді.

Көп оқылғандар