Сурет: ESA/NASA/SOHO
Жер бетінде G3.33 деңгейіндегі күшті магниттік дауыл басталды. Бұл туралы Ресей ғылым академиясының Ғарыштық зерттеулер институтының Күн астрономиясы зертханасы хабарлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Зертхана мәліметінше, дауыл G3.33 деңгейіне дейін күшейген. Бұл биылғы жылы болған осындай екінші оқиға.
Мамандардың айтуынша, магниттік дауыл бір тәулікке кеш басталған. Жердің магнит өрісі шамамен 24 сағат бойы Күннен ұшып шыққан плазма ағындарының қысымына төтеп беріп тұрды. Оның алғашқы легі кеше Астана уақытымен сағат 16:00 шамасында Жерге жеткен. Алайда ақырында магнит өрісі бұл қысымға шыдамай, күшті магниттік дауыл басталды.
«Шешуші өзгеріс бүгін түн ортасы шамасында болды. Сол кезде Күн желінің параметрлері өте жылдам артып, планетааралық магнит өрісінің бағыты күрт өзгерді», деп түсіндірді зертхана мамандары.
Күндегі жарқылдар рентген сәулесінің қуатына қарай бес класқа бөлінеді: A, B, C, M және X. Олар Жерде магниттік дауыл тудырып, электр желілерінің жұмысына кедергі келтіруі, сондай-ақ құстар мен жануарлардың көші-қон бағытына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар Күн белсенділігінің артуы поляр шұғыласын көруге болатын аймақтардың аясын кеңейтеді.
Айта кетейік, бұған дейін 18 сәуір күні Жер бетінде G1 деңгейіндегі магниттік дауыл басталды. Ғалымдар ол уақытта геомагниттік толқулардың ең белсенді кезеңі алғашқы екі тәулікке созылатынын айтқан болатын.

