Сурет: Egemen Qazaqstan
Биыл елордада қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуға бағытталған ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба аясында 173 саябақ, гүлзар, желекжол, аула және жаяу жүргіншілер аймағы ретке келтіріледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қала әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында биыл 173 қоғамдық және аула кеңістігін жаңарту жоспарланғанын мәлімдеді. Олардың қатарында саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар, аулалар, жаяу жүргіншілер аймақтары және тұрғындар күнделікті пайдаланатын басқа да демалыс орындары бар.
Әкімнің айтуынша, негізгі мақсат – әр ауданда тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру.
Қазіргі таңда Омаров көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аралықтағы «GreenLine» желілік саябағының екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында серуендеу жолдары, демалыс орындары, спорт алаңдары, жасыл желек пен экологиялық шешімдер қарастырылған.
Сонымен қатар «Кіші Талдыкөл» экосаябағының құрылысы жалғасып жатыр. Жоба табиғи ландшафты сақтауға, жаңа рекреациялық аумақтар қалыптастыруға, экожүйені қорғауға және су деңгейін тұрақты ұстауға бағытталған.
Сондай-ақ «Мыңжылдық» аллеясында жаңа қоғамдық кеңістіктер салынып жатыр. Алғашқы жұмыстар Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры маңындағы гүлзарда және «Нұрлы жол» теміржол вокзалына іргелес саябақта басталған.
Бұдан бөлек, Мәңгілік Ел даңғылын абаттандырудың екінші кезеңі мен Бейбітшілік және келісім саябағының екінші кезеңі іске асырылып жатыр. Бұл аумақтарда көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың демалысына арналған жаңа кеңістіктер жасалуда.
Қала әкімінің мәліметінше, соңғы жылдары Астанада 500-ге жуық қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылған. Бұл жұмыстардың барлығы елорданы тұрғындар үшін жайлы, заманауи әрі жасыл қалаға айналдыруға бағытталған.
Мазмұнға өту
