Басты тақырып

Жазғы ыстықта тамақтан уланудан сақтану бойынша санитарлық ұсынымдар жарияланды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті тамақтан уланудың алдын алу үшін жаңа ұсыныстарды жария етті. Құжатта тұрғындар мен қоғамдық тамақтану орындарының иелеріне арналған талаптар көрсетілген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Комитет азаматтарға қоғамдық тамақтану орындарын таңдағанда сақ болуды ескертеді. Мамандар тек сенімді, беделді және өзіңіз немесе жақындарыңыз ұсынған мейрамханалар мен дәмханаларға баруды кеңес береді.

Сонымен қатар мамандар термиялық өңдеуден өтпейтін тағамдарды, әсіресе теңіз өнімдерінен дайындалған асты тұтынудан бас тартуға шақырды. Қоғамдық тамақтану орындарынан қалған тағамды үйге апарып, туыстарға бермеуге және рұқсат етілмеген көше саудасынан азық-түлік сатып алмауға кеңес берілді.

Кәсіпкерлерге қызметін бастамас бұрын қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеу, ал тағам дайындауға медициналық тексеруден өтпеген қызметкерлерді жібермеу қажеттігі ескертілді. Қызметкерлердің мерзімдік медициналық тексеруден уақытылы өтуі қатаң бақылауда болуы тиіс.

ҚСЭК талаптарына сәйкес, өндірістік орынның аумағы жеткіліксіз немесе санитариялық жағдай талапқа сай болмаса, кәсіпкерлерге технологиялық процесті дұрыс сақтау үшін тағам түрлерінің санын қысқарту ұсынылады. Азық-түлік шикізатын тек сенімді жеткізушілерден сатып алып, өнімдерді сақтау, дайындау және тасымалдау талаптарын қатаң сақтау, әсіресе тез бұзылатын тағамдарға ерекше бақылау жасау қажет.

Комитет бұл ұсынымдардың еліміздегі аптап ыстыққа байланысты әзірленгенін атап өтті. Синоптиктердің болжамынша, 30 шілдеде еліміздің оңтүстігінде ауа температурасы +44 градусқа дейін көтеріледі. Мұндай жағдайда азық-түліктің бұзылу қаупі артып, тамақтан улану жағдайлары жиілеуі мүмкін.

Көп оқылғандар