Спорт

Жауынгерлік өнер түрлерінен Азия ойындары 2027 жылға шегерілді

Сурет: ҰОК

Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) жауынгерлік өнер түрлерінен жабық ғимаратта өтетін VI Азия ойындарының 2027 жылға шегерілгенін ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жарыстар 2026 жылы Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтуі тиіс болатын. АОК пен Ойындарды ұйымдастыру комитетінің бірлескен мәлімдемесіне сәйкес, дода 2027 жылы 28 наурыз бен 8 сәуір аралығында ұйымдастырылады.

Жаңа мерзім жергілікті ұйымдастыру комитетімен, Ұлттық Олимпиадалық комитеттермен және серіктестермен кеңесе отырып бекітілді. Ойындарды кейінге шегеру жарыстар кестесін реттеуге және мүмкіндігінше көп елдің қатысуына жағдай жасайды.

Түпкілікті шешім ұйымдастыру және логистика мәселелері қайта қаралғаннан кейін қабылданды. Алдағы жарысқа 45 елден 4500-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған.

Жауынгерлік өнер түрлерінен жабық ғимаратта өтетін VI Азия ойындары Сауд Арабиясында Азия Олимпиадалық кеңесінің аясында ұйымдастырылатын алғашқы мультиспорттық дода болмақ. Ойындарды өткізуге қатысты қосымша ақпаратты ұйымдастырушылар кейінірек жариялайды.

Көп оқылғандар