Қоғам

Жаңақорғанда су тарату станциясы іске қосылды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Жаңақорған кентіндегі «МАИ бекеті» шағын ауданында жаңа су тарату станциясы мен қосылу тармағы пайдалануға берілді. Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылған жоба нәтижесінде 1500-ге жуық үй сапалы ауызсумен қамтылып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік туды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаевтың айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасымен, Бас прокуратураның ұйымдастыруымен 2025-2026 жылдары мемлекетке қайтарылған активтер есебінен өңірге 45 млрд теңге қаржы бөлініп, 31 жоба іске асқан. Оның ішінде Жаңақорған кентіндегі су тарату станциясын салуға 1,1 млрд теңге бөлініп, жұмыс толық аяқталған.

«Мемлекет басшысына, Бас прокуратураға аймағымыздағы ауқымды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсеткені үшін Сыр жұртшылығы атынан алғысымды білдіремін», — деді әкім.

Соңғы төрт жылда Президент пен Үкіметтің ерекше қолдауымен өңір бюджеті 809 млрд теңгеге жетіп, екі есе өскен. Даму бюджеті 4,3 есе артқан. Бұл қаражат аймақтың өзекті мәселелерін шешуге, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Қазіргі уақытта облыс тұрғындары 100 пайыз орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтылған. Жыл соңына дейін 10 елді мекен газдандырылып, қамту деңгейі 85 пайызға жетеді. Сонымен қатар, үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту үшін 6 200-ден астам пәтер беру жоспарлануда. Облыс бойынша 141 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдері жөндеуден өткізіліп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95,5 пайызға жеткізіледі.

Көп оқылғандар