Қоғам

Жаңақорғанда құс фабрикасы ашылып, су тарату стансасы іске қосылды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Жаңақорған ауданында «Абдулла» шаруа қожалығы құс фабрикасын іске қосты. Жылына 6 мың тоннаға жуық құс етін өндіретін кәсіпорынның өнімі алдағы уақытта көршілес облыстарға да жеткізілмек, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ашылу салтанатында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев тұрғындарды құттықтап, аймақта жүзеге асып жатқан ауқымды жобаларға тоқталды.

«Мемлекет басшысы жаңа инвестициялар ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керектігін тапсырған болатын. «Абдулла» шаруа қожалығы ашып жатқан өндіріс орны осы бағыттағы бастаманың бірі. Құрылысына 5,5 млрд теңге бөлінген фабрика жылына 6 мың тоннаға жуық құс етін өндіреді. Мұнда 120 адам жұмыспен қамтылады. Осындай маңызды жобаны Жаңақорған ауданында жүзеге асырғаны үшін жеке инвесторға ризашылығымды білдіремін», деді облыс басшысы.

Фабрика аумағында 12 қора, құс соятын және балапан ашатын цехтар, әкімшілік пен техникалық қызмет көрсету ғимараттары орналасқан. Ауданда ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Биыл жергілікті диқандар 36 077 га жерге егін еккен, оның 6 756 гектары күріш. Жыл басынан бері салада өндірілген жалпы өнім көлемі 7 млрд 427 млн теңгеге жеткен. Егіс алқаптарын әртараптандыру бағытында күріш көлемі 600 гектарға қысқартылып, су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы 2 370 га жерге басқа дақылдар егілген.

Мал шаруашылығында да оң көрсеткіштер бар. Жыл басынан бері 4 236,5 тонна ет, 3 769,6 тонна сүт, 917,1 мың жұмыртқа өндірілген. Қазір ауданда 75 мыңнан астам ірі қара, 286 079 бас қой, 29 470 бас жылқы, 2 098 түйе, 18 411 бас құс өсірілуде.

Осы күні өндіріс орнымен қатар аудан орталығында су тарату стансасы қолданысқа берілді. Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған нысанға 1,1 млрд теңге жұмсалған. Шарада облыс прокуроры Ризабек Ожаров, Жаңақорған кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Серқожа Ыдырысов тілектестік білдіріп, су тарату стансасы құрылысын сапалы жүргізген мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Облыста Мемлекет басшысының тапсырмасымен жыл ішінде 45 млрд теңге қаржы бөлініп, 31 жоба іске асырылып жатыр. Жаңа су тарату стансасы 1500-ден астам үйді сапалы ауызсумен қамтиды. Өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда 1 трлн 900 млрд теңгеге 48 инвестициялық жоба іске қосылып, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 100 млрд теңгенің 21 жобасын іске қосу жоспарланған.

Көп оқылғандар