Сурет: Оқу-ағарту министрлігі
2026-2027 оқу жылында еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн бала білім алады. Оның ішінде 380 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде білім беру инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Негізгі міндет – оқушы орындарының тапшылығын азайтып, балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына жағдай жасау.
«Жаңа оқу жылы қарсаңында 62 мың оқушы орнына арналған 57 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаңа нысандардың ашылуы қолданыстағы мектептердің жүктемесін азайтып, балалардың заманауи жағдайда білім алуына мүмкіндік береді. Жаңа мектептердің ең көбі Алматы қаласында, Батыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан облыстарында ашылды. Оларда оқу сабақтарын өткізуге, спортпен шұғылдануға, сондай-ақ оқушылардың шығармашылық және техникалық дағдыларын дамытуға қажетті жағдайлар қарастырылған», делінген материалда.
Министрлік апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу жұмыстары жалғасып жатқанын, мектептердің құрылысы Арнаулы мемлекеттік қордың, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының, жергілікті бюджеттердің қаражаты мен инвестициялар есебінен салынатынын хабарлады.
«Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 1300 мектепті реновациялау бағдарламасы іске асырылады. Бағдарлама мектеп ғимараттары мен материалдық-техникалық базаны жаңартуды, қауіпсіздік деңгейін арттыруды және заманауи білім беру ортасын қалыптастыруды көздейді. Білім беру инфрақұрылымының тапшылығын кезең-кезеңімен азайту және еліміздің барлық өңірінде балалардың білім алуына тең жағдай жасау бағытындағы жұмыс жалғасады», делінген одан әрі материалда.
Еске салайық, биылғы оқу жылында Астанадағы мектептерде бейнекамералар бірыңғай жүйеге қосылды.
