Қоғам

Жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады

Сурет: Ерлан ОМАР, «EQ»

Қазақстанда 2026-2027 оқу жылында мектептерде 4,1 млн-нан астам оқушы білім алады деп жоспарлануда. Оның ішінде 380 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қазір елімізде 8 048 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Бұл 2024-2025 оқу жылындағы 7 920 мектеппен салыстырғанда 1,6%-ға көп.

Білім беру инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылғы қаңтар-шілде аралығында елімізде 18 090 оқушыға арналған 32 мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар 4 207 орынға арналған 32 мектепке дейінгі ұйым ашылды.

Жаңадан пайдалануға берілген мектептердің 14-і, ал мектепке дейінгі ұйымдардың 26-сы ауылдық жерлерде орналасқан. Жаңа мектептердің ең көбі Түркістан және Атырау облыстарында ашылды – әр өңірде бес мектептен. Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстарында үш мектептен, Жамбыл облысы, Алматы және Шымкент қалаларында екі мектептен пайдалануға берілді.

Сондай-ақ осы кезеңде тоғыз оқу орталығы іске қосылды. Алматыда балалар шығармашылығы орталығы, ал Абай облысында оқушылар сарайы пайдалануға берілді.

Айта кетейік, өткен 2025-2026 оқу жылында елімізде 3,9 млн-нан астам оқушы білім алған. Оның ішінде 363 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданған.

Еске сала кетейік, елордада биыл 35 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады.

Көп оқылғандар