Сурет: Ерлан ОМАР
Қазақстанда жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды. Қазіргі уақытта болжамды көрсеткіштің шамамен 84 пайызы, яғни 320 мыңға жуық бала мектепке қабылданған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оның ішінде 296 мыңға жуық бала мемлекеттік, ал 23 мыңға жуық оқушы жекеменшік мектептерде білім алады. Қалалық мектептерге шамамен 191 мың, ауылдық мектептерге 128 мың бала қабылданған. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мыңға жуық бала да оқуға қабылданды.
Болашақ бірінші сынып оқушыларының 71 пайыздан астамы қазақ тілінде білім беретін сыныптарды таңдаса, 26 пайыздан астамы орыс тіліндегі сыныптарды таңдаған. Тағы 2,5 пайызға жуығы өзге тілдерде білім алатын сыныптарға қабылданды. Өзге ұлт өкілдерінің 2 мыңнан астам баласы қазақ тілінде білім беретін сыныптарға барған.
Құжат қабылдау 27 мамырдан 31 тамызға дейін бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі. Ата-аналардың шамамен 84 пайызы өтінішті электронды түрде берген. Құжаттарды eGov.kz порталы, eGov Mobile қосымшасы немесе таңдаған мектеп арқылы тапсыруға болады.
Бірінші сыныпқа қабылданатын балалар саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр – 50 мыңнан астам бала. Одан кейін Алматы облысы – 35 мыңнан астам, Астана – 33 мың, Алматы – 31 мыңнан астам және Шымкент – 29 мыңнан астам баламен орналасқан.
Мазмұнға өту
