Сурет: Egemen Qazaqstan
1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді. Құжатта өңірлерді жедел дамытуға арналған жаңа құқықтық тетіктер қарастырылған, соның ішінде «жедел дамитын қала» мәртебесін енгізу және арнайы құқықтық режим қалыптастыру маңызды жаңалықтардың бірі саналады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Осы жаңа механизм аясында алғашқы ерекше мәртебе Алатау қаласына берілмек. Мемлекет басшысы 8 мамырда қол қойған Конституциялық заң қаланы дамытуға бағытталған ауқымды бастаманың құқықтық негізін бекітті. Жаңа мәртебе Алатауға өзіндік институционалдық жүйесі бар дербес экономикалық орталық ретінде дамуға мүмкіндік береді.
Жоспарға сәйкес, өзгерістер бір жыл ішінде кезең-кезеңімен енгізіледі. Бүгіннен бастап Alatau City Authority құрылымы толыққанды мемлекеттік орган ретінде жұмысын бастайды. Ал қаланың стратегиялық дамуын үйлестіру міндеті Премьер-министр басқаратын арнайы кеңеске жүктеледі.
Алатау қаласында шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалады. Арнайы құқықтық режим аясында бизнесті жүргізудің тұрақты шарттары, лицензиялаудың ерекше тәртібі, «бір терезе» қағидаты бойынша реттеу жүйесі және инвестицияларды халықаралық деңгейде қорғау тетіктері іске қосылады. Сонымен қатар салықтық, кедендік және бюджеттік жеңілдіктер қарастырылған арнайы режим жұмыс істейді.
Жыл соңына дейін жетекші халықаралық консалтингтік компаниялардың қатысуымен сәулет, құрылыс және қадағалау салаларына арналған жаңа нормативтік база әзірленеді.
Алатаудың ұзақ мерзімді дамуы бірнеше онжылдыққа жоспарланған. Қазір 30 жылдық даму жоспары, бас жоспары және 2040 жылға дейінгі стратегиялық құжат дайындалып жатыр.
Қала заманауи технологияларға негізделген «ақылды қала» қағидатымен дамиды. Корея Республикасымен бірлесіп 330 гектар аумақта K-Smart City цифрлық ауданы салынбақ. Жобаның құрылысын кореялық инвесторлар 2027 жылы бастауды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ қала инфрақұрылымы мен қызметтерін басқару үшін жасанды интеллект технологияларын қолданатын Alatau AI-Driven City тұжырымдамасы енгізіледі. Бұл жүйе Алатаудың толыққанды цифрлық моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда қаланы дамыту жөніндегі жол картасына 36 ірі инфрақұрылымдық жоба енгізілген. Бұдан бөлек, жалпы құны шамамен 2 триллион теңгені құрайтын 53 инвестициялық жоба қарастырылып отыр. Бұл бастамалар жүзеге асқан жағдайда 51 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіледі.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде Alatau city жобасына зор үміт артып отырғанын айтқан еді.

