Сурет: Ашық дереккөз
Қазақстанда Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық туралы заң күшіне енді. Бұл заң алғаш рет қылмыстық құқық бұзушылықтармен қатар әкімшілік заң бұзушылықтарға да рақымшылық жасауды көздейді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық жауаптылықтан негізінен қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыстар, сондай-ақ келтірілген залал болмаған немесе толық өтелген жағдайда орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамдар босатылады.
«Заңға сәйкес, сотталғандардың белгілі бір санатына жасалған қылмыстың ауырлығы, келтірілген залалдың өтелуі және жазаны өтеу кезеңіндегі мінез-құлқы ескеріле отырып, жазаның өтелмеген бөлігінің мерзімі қысқартылады. Алдын ала есеп бойынша 16,5 мыңнан астам адам жаңа өмір бастауға мүмкіндік алады. Олардың 2 900-ге жуығы әйел адамдар, оның ішінде жүкті әйелдер мен кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған аналар», делінген жауапта.
Министрлік рақымшылық қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздік деңгейіне әсер етпейтінін атап өтті. Заң сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм, жыныстық қылмыстар, азаптау, қылмыстық топ құрамындағы қылмыстар, сондай-ақ қайталап немесе аса қауіпті қайталап қылмыс жасаған адамдарға жеңілдік қарастырмайды. Өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар мен сырттай сотталғандар да рақымшылыққа ілінбейді.
Әкімшілік рақымшылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 260-тан астам бабы бойынша салынған айыппұлдарды төлеуден босатуды көздейді. Ішкі істер органдары қарайтын әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 17 млрд теңгеден астам сомаға салынған шамамен бір миллион айыппұл рақымшылыққа ілігеді.
Алайда, қару мен есірткінің заңсыз айналымы, мас күйінде көлік жүргізу, қарсы қозғалыс жолағына шығу сияқты өрескел бұзушылықтар рақымшылыққа жатпайды. Сондай-ақ құқық бұзушылықты қайталап жасаған адамдар да кешірімге ілінбейді.
Әкімшілік рақымшылық мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады, азаматтарға мемлекеттік органдарға жүгінудің қажеті жоқ. Заңгер Нұрлан Жаңабаевтың айтуынша, егер әкімшілік айыппұл сотпен тағайындалса, рақымшылық жасалмайды. Рақымшылық заң жарияланған күннен бастап алты ай ішінде қолданылады.
Мазмұнға өту
