Сурет: ашық дереккөзден
Кәсіпқой бокста жеңіліс көрмеген әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен Дания боксшысы Якоб Банк арасындағы жекпе-жек кешінің өзге де қатысушылары анықталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
BoxRec мәліметінше, турнирге Данияның тағы үш боксшысы қатысады. Аса ауыр салмақта Мортен Гивсков (6 жеңіс, 1 тең, 3 нокаут) өнер көрсетеді. Екінші жеңіл салмақта Ахмад әл-Ахмад (12 жеңіс, 2 нокаут) және жеңіл салмақта Дао Аттапон Сримуанг (1 жеңіс) бақ сынайды. Бұл боксшылардың қарсыластары әзірге жарияланған жоқ.
Бұған дейін ұйымдастырушылар тағы бір жекпе-жекті растаған болатын: Данияның аса ауыр салмақтағы боксшысы Торбьёрн Боудигаард (11 жеңіс, 3 жеңіліс, 7 нокаут) британдық Джордан Томпсонмен (15 жеңіс, 3 жеңіліс, 12 нокаут) кездеседі. Жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланған. Айта кетейік, Джордан Томпсон бұған дейін бірінші ауыр салмақта IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына үміткер болған, алайда австралиялық Джей Опетайяға есе жіберген.
Турнирдің басты жекпе-жегінде Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк екінші орта салмақтағы (76,2 келіге дейін) WBO нұсқасы бойынша бос тұрған әлем чемпионы атағын сарапқа салады. Бұл кездесу қазақ боксшысы үшін жаңа салмақ дәрежесіндегі алғашқы жекпе-жек болмақ. Бұған дейін Жәнібек орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша чемпиондық белбеулерге ие болған. Оның қарсыласы Якоб Банк те кәсіпқой бокста әзірге жеңіліп көрмеген. 25 жастағы дат боксшысының еншісінде 20 жеңіс бар, оның 11-ін нокаутпен аяқтаған.
Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк арасындағы жекпе-жек 2027 жылы 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласындағы Forum Horsens аренасында өтеді.
Мазмұнға өту
