Сурет: Egemen Qazaqstan
Бокс сарапшыларының болжауынша, кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы екінші орта салмақтағы алғашқы титулдық жекпе-жегінде WBO чемпионы Хамза Ширазбен кездесуі ықтимал, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бірқатар танымал бокс сарапшылары мен шолушыларының пікірінше, Қазақстан боксшысы Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласы WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақ дәрежесінің чемпионы Хамза Шираз болуы мүмкін. Британдық Tokkerū бокс подкастының авторы екі боксшының жекпе-жегі биыл өтуі ықтимал деген болжам айтты.
Испаниялық шолушы Джулиус Джулианис мұндай кездесуді ұйымдастыруды «сәтті идея» деп бағаласа, британдық сарапшы HamedBoxing ықтимал айқаста фаворит ретінде Әлімханұлын атады.
Екі боксшының кездесуі туралы әңгіме алғаш рет 2024 жылы басталған. Сол кезде Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираз баспасөз мәслихатында жүздесіп, болашақта чемпиондық белбеулерді біріктіру үшін жекпе-жек өткізу мүмкіндігін талқылаған. Алайда кейін Шираз алдымен басқа қарсыластармен кездесуді жөн көрді. Ол Карлос Адамеспен тең түсіп, кейін салмақ дәрежесін ауыстырып, екінші орта салмақтағы WBO чемпионы атанды. Кейін бұл атағын Саймон Захенхуберге қарсы сәтті қорғады.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы допингке байланысты уақытша шеттетілгеннен кейін орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуінен өз еркімен бас тартып, екінші орта салмаққа ауысу туралы шешім қабылдады. Оның командасы бұл қадам жаңа дивизионда бірден чемпиондық жекпе-жекке шығуға мүмкіндік береді деп есептейді. Бұған дейін WBO президенті Густаво Оливьери Қазақстан боксшысының жаңа салмақ дәрежесінде бірден титул үшін жекпе-жек өткізуге үміткер бола алатынын мәлімдеген еді.
Мазмұнға өту
