Спорт

Жәмила Бақбергенова әлем чемпионатының қола жүлдесі үшін күреседі

Сурет: Ұлттық Олимпиада комитеті

Астанада күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатының екінші жарыс күнінде жартылай финал белдесулері басталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жәмила Бақбергенова (-72 кг) Қытай өкілі Зелу Лимен финалға шығу жолдамасын сарапқа салды. Бұл белдесуде отандасымыз қарсыласынан 4:2 есебімен жеңілді.

Енді ертең ұлттық құрама спортшысы қола медаль үшін бақ сынайды. Оның қарсыласы жұбаныш кезеңінен соң анықталады.

Бүгін іріктеуде Жәмила Бақбергенова Молдова өкілі Эмилия Кречунды, одан кейін ширек финалда Украина өкілі Надия Соколовсканы айқын басымдықпен жеңді.

Жалпы, Бақбергенова осыған дейін ересектер арасында -72 кг салмақта үш рет әлем чемпионатының финалында белдесіп, күміс жүлдегер атанған (2021, 2022, 2024 ж). Сонымен қатар 2023 жылы үшінші орыннан көрінген.

Көп оқылғандар