Сурет: Getty Images
«Қайрат» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Дастан Сәтпаевтың «Челси» негізгі құрамына өту мүмкіндігі жоғары екенін айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Уразбахтиннің сөзінше, бұған дейін Сәтпаев «Челсиде» тағылымдамадан өткен кезде «Қайрат» делегациясы клубтың скаутинг бөлімімен кездескен. Сол кезде лондондық клубтың жас футболшыға қатысты нақты жоспары болған.
«Хаби Алонсо келгенге дейін-ақ клуб басшылығы Дастанның міндетті түрде «Челсиде» қалатынын, оның бейімделуі үшін тұрақты ойын тәжірибесі берілетінін айтқан болатын. Сондықтан оның командада өз орнын табуына мүмкіндігі өте жоғары деп есептеймін», — деді маман.
Сондай-ақ бас бапкер Сәтпаевты «Челсидегі» басты бәсекелестерінің бірі Лиам Делаппен салыстырып, қазақстандық шабуылшының артықшылықтарына тоқталды.
«Делаптың тәжірибесі көбірек болуы мүмкін, өйткені ол Чемпионшип пен Англия Премьер-лигасында ойнады. Бірақ Дастан жылдамырақ, төзімдірек әрі ойын мәнері жағынан жан-жақты. Мен өз таңдауымды жасасам, Дастанды таңдар едім. Әрине, бұл – жеке пікірім. Оның дебюттегі голы өзіне де, бапкерлер штабына да сенімділік береді. Хаби Алонсоның баспасөз мәслихатын тыңдадық, ол да Дастан туралы өте жақсы пікір білдірді», — деді Уразбахтин.
Еске салайық, 28 шілдеде Сәтпаев «Челси» сапындағы алғашқы матчында гол соғып, «Вестерн Сидней Уондерерске» қарсы жолдастық кездесудің алтыншы минутында есеп ашқан болатын.
Мазмұнға өту
