Қоғам

WhatsApp аккаунтын алаяқтардан қорғау жолдары

Сурет: ашық дереккөз

Ішкі істер министрлігі WhatsApp мессенджеріндегі аккаунттарға рұқсатсыз кіру жағдайларының көбейгенін ескертіп, қолданушыларды жеке деректерінің қауіпсіздігіне мән беруге шақырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ведомствоның мәліметінше, аккаунтты қорғаудың тиімді тәсілдерінің бірі – екі сатылы тексеруді қосу. Ол үшін WhatsApp-та «Баптаулар» бөліміне кіріп, «Аккаунт» пен «Екі сатылы тексеру» тармағын таңдап, алты таңбалы PIN-код орнату қажет. Сондай-ақ аккаунтты қалпына келтіруге арналған электронды пошта мекенжайын көрсетуге болады.

ІІМ бұл кодты ешкімге бермеуге кеңес береді. Алаяқтар өздерін банк немесе басқа ұйым қызметкері ретінде таныстырып, SMS арқылы келген растау кодын сұрауы мүмкін.

Сонымен қатар қолданушыларға аккаунтқа қосылған құрылғыларды тұрақты түрде тексеру ұсынылады. Ол үшін WhatsApp мәзіріндегі «Байланыстырылған құрылғылар» бөліміне кіріп, тізімдегі құрылғыларды қарап шығу керек. Егер белгісіз құрылғы анықталса, оны бірден аккаунттан ажыратқан жөн.

Министрлік аккаунттың бұзылғанын білдіретін бірнеше белгіге назар аударды. Олардың қатарында қолданушының қатысуынсыз хабарламалардың жіберілуі, таныстардың оның атынан күмәнді өтініштер алғаны туралы хабарлауы, сұратылмаған растау кодтарының келуі және аккаунттан өздігінен шығып қалу бар.

ІІМ растау кодтарын бөгде адамдарға бермеуді, күмәнді сілтемелерді ашпауды және бейтаныс адамдардың нұсқауымен белгісіз қосымшаларды орнатпауды ескертеді.

Егер аккаунтта рұқсатсыз белсенділік байқалса, алдымен «Байланыстырылған құрылғылар» бөліміндегі күмәнді сеанстарды аяқтап, екі сатылы тексерудің PIN-кодын өзгерту қажет. Сондай-ақ аккаунттың бұзылуы мүмкін екенін байланыстағы адамдарға ескертіп, құқық қорғау органдарына жүгінген жөн.

Айта кетейік, бұған дейін ақтөбелік әйелдің алаяқтарға сеніп, пәтерінен айырылып қала жаздағанын хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ Алматыда бет-әлпетті тану жүйесі 3 жыл бойы іздеуде жүрген алаяқты ұстағаны жарияланды. Мьянмада интернет-алаяқтыққа қатысы барларға өлім жазасын қолдану мақұлданды.

Көп оқылғандар